Жаңалықтар

Отандық өнімді сатып ал!

Отандық нарықпен қатар іргедегі Ресей мен Еуропадағы Германияға да тауарын пұлдайтын Қарағанды кондитерлік фабрикасы енді 2020 жылға дейін өнім көлемін 100 мың тоннаға жеткізуді діттеп отыр.

Жұмыс екі кезең бойынша жүзеге аспақ. Жаңа инвесторлар мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіпорынға заманауи қондырғылар алып, өндіріске әлемнің озық технологиясын дендеп енгізбек. Осылайша бір кездері әлемге әйгілі болған отандық брендті қайта жаңғыртып, тұтынушыларға сапалы өнім ұсынбақ.

Балалық шақтың бал дәмі – Қарағанды кәмпиттерін білмейтін қазақстандық жоқ шығар, сірә. Осынау тіл үйіретін тәттілерімен танымал болған кондитерлік фабриканың ашылғанына келер жылы 60 жыл толмақ. Өкінішке қарай, осыдан 10 шақты жыл бұрын кәсіпорын өнімі байырғы дәмін жоғалтып, жұрттың сұранысы түсіп кеткен еді. «Алайда жаңа инвесторлар өндіріске озық технологияны енгізіп, отандық брендті қайта жаңғыртып жатыр», - дейді кәсіпорында 40 жылдан артық жұмыс істеп келе жатқан Вера Давыдова. Сонымен қатар фабрика кондитерлік өнімдердің орамдары мен қораптарын да көз тартарлықтай етіп өзгерткен.

Кондитерлік фабрика жылына 5 мың тоннаға жуық өнім шығарады. Тәтті тағамның 93 түрі ел нарығымен қатар көршілес Ресейге, тіпті Германияға да экспортталады. Өнім сапасының жақсаруы кәсіпорын табысын да еселеген. Соның нәтижесінде фабрикада еңбек ететін 500 адамның жұмыс орны сақталып қалды. 

Келешекте кәсіпорын өндіріс қуатын ұлғайтпақ. 2017 және 2020 жылға дейін екі кезең бойынша жүзеге асатын жаңғырту жұмыстары өнім көлемін 100 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік бермек. «Ол үшін мемлекеттік бағдарламаға қатысуды жоспарлап отырмыз» дейді кондитерлік фабрика басшылары.


Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/otandy-nimdi-satyp-al/item/56750-etkizbek